Осыған қарамастан, өнеркәсіп орындары соңғы бес жылда шығарындыларды қысқартып жатқанда, өңірдегі туристік аймақтарда тазарту құрылыстары мен полигондардың жоқтығы су мен топырақ экологиясына үлкен қауіп төндіріп тұр. Экология министрлігі мен облыс әкімдігі бұл түйткілді шешу үшін 3 пайыздық жеңілдетілген несиелер мен миллиардтаған инвестиция тартып, бақылауды күшейтудің төтенше шараларына көшті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - негізгі басымдықтардың бірі. Көпшілік аймақтағы ірі өндіріс орындарын басты ластаушы деп санағанымен, соңғы статистика бұл ұғымды өзгертті.

Өңірдің бас экологы Әсет Сүлейменовтың баяндамасына сәйкес, өткен жылғы зерттеулердің қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы атмосфералық ауаға таралатын зиянды шығарындылардың негізгі үлесі автокөлікке тиесілі - 56,7%. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлесі - 34,4%, ал жеке сектордағы пешпен жылытудан шығатын шығарындылар 8,9%-ды құрайды.
Дегенмен, зауыттар мен фабрикалар тарапынан да оң өзгерістер бар. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаға таралатын шығарындылар көлемін 8 пайыздан астамға қысқартты. Бұл табиғатты қорғау шараларының жүйелі жүргізілуі мен өндірістік процестерді жаңғыртудың нәтижесі.

Бүгінде ШҚО-дағы ірі кәсіпорындарда 15 автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі орнатылған. Алайда мұндай жүйелер әзірге «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында және «Востокмашзавод» АҚ-да орнатылмаған. Осыған орай, өңірде экологиялық бақылау жүйесін жетілдіру, автоматтандырылған мониторингті енгізу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі құжаттарды әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Шығыс Қазақстанның табиғаты туристерді баурағанымен, ондағы экологиялық инфрақұрылымның нашарлығы үлкен кедергі келтіріп отыр. Басым бағыттардың қатарында атмосфераға таралатын шығарындыларды одан әрі азайту, жылу энергетикасы нысандарын жаңғырту, елді мекендер мен туристік аймақтарда тазарту құрылыстарын салу, коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, оларды орналастыру мен қайта өңдеуге арналған заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері бар.
Сондай-ақ облыстағы туристік нысандардың басым бөлігінде су бұру және ағынды суларды тазарту жүйелерін дамыту қажеттілігі әлі де өзекті болып отыр. Бұл түйткілдің түйінін тарқату арқылы экологиялық тәуекелдерді азайтып, туристік аумақтардың тұрақты дамуына мүмкіндік жасалады.

Осы мәселені шешу үшін жиын барысында ШҚО Туризм басқармасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне туристік нысандарда заманауи жергілікті тазарту құрылыстарын орнатуға жеңілдетілген несие беру тетігін әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізді. Сондай-ақ, туристер көп баратын аумақтардағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына келсек, қазіргі таңда Қатонқарағай, Күршім, Самар және Марқакөл аудандарында мұндай полигондар жоқ.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл бағыттағы пилоттық жобаларды іске асыру үшін жылдық 3 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін жеңілдетілген несие беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар министр ШҚО әкімдігінде өткен кеңесте өңірдегі экологиялық ахуалға ерекше назар аударды. Министр өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайтудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиынға қатысқан ірі кәсіпорындардың басшыларын атмосфералық шығарындыларды бақылау жүйелерін одан әрі жаңғыртып, зиянды шығарындылар көлемін қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды. Сонымен қатар аймақ басшысы ірі бизнесті ШҚО ұлттық парктерінде халықаралық деңгейдегі туристік нысандарды дамытуға және инвестиция салуға белсенді қатысуға үндеді.
Атап айтқанда, Катонқарағай ауданындағы Балықты бұлақ шатқалында ұзақ мерзімді жалға беруге дайын шамамен 3 гектар бос инвестициялық жер учаскесі бар. Жобаның болжамды инвестиция көлемі шамамен 3 млрд теңгені құрайды. Аталған жер учаскесінің маңынан республикалық маңызы бар «Өскемен – Рахман қайнарлары» автожолы өтеді. Бүгінде Шығыс Қазақстанның ұлттық парктерінде инвесторларға ұсынылатын осындай бірнеше инвестициялық алаң бар.
Жалпы, аталған мәселелерді кешенді түрде шешу қоршаған ортаның сапасын жақсартып, Шығыс Қазақстан облысының тұрақты экологиялық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деді әкімдікте.