Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан бала туғанын мәлімдеген мәслихаттың бұрынғы депутаты Ынташ Наурызова әлеуметтік желіде жазба жариялап, өңір басшысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Ынташ Наурызова өз жазбасында қазір әкімнің айналасындағы адамдар оны қолдап жүргенін, алайда уақыт өте келе жағдайға қатысты шындық ашылатынына сенетінін жеткізді.
«Қазір әкім болған соң бәрі соның сөзін сөйлеп жүр. Бірақ жылдар өткен соң шындық айтылады. Сол кезде оны некесіз бала туғызып, баласынан безінген әкім деп есіне алатын болады», – деп жазды ол.
Бұрынғы депутат Қилыбайдың қызметтегі жетістіктерінен гөрі жеке өміріне қатысты мәселелер жұрт жадында қалуы мүмкін деген пікір білдірді.
«Әртүрлі жулик қатындарға жем болған слабый әкім дейді. Ешкім оның осы кезге дейін істеген ісін есіне алмайды», – деді Наурызова.
Сондай-ақ ол облыс әкімінің бұрын қателігін мойындап, кешірім сұрауға мүмкіндігі болғанын алға тартты.
«Онда тәубесіне келіп, кешірім сұрап, жулик әйелдерден алыс жүруге мүмкіндік болды. Бірақ ол бүгінгі күнмен өмір сүріп жүр», – деп жазды экс-депутат.
Айта кетейік, Ынташ Наурызова бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан бала туғанын мәлімдеген. Алайда оның әкелікке және баладан бас тартуға қатысты айтқан сөздері әзірге тәуелсіз дереккөздермен расталған жоқ. Бұл жарияланымда Наурызованың жеке мәлімдемесі беріліп отыр.