Индонезияның Бали аралында жезөкшелікке қатысы бар деген күдікпен 13 шетелдік ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар, деп хабарлады Вairaqmedia.kz ANTARA агенттігіне сілтеме жасап.
17 қыркүйек күні иммиграция қызметі Чангу, Семиньяк және Умалас туристік аудандарында арнайы операция жүргізген. Нәтижесінде 12 әйел мен бір ер адам ұсталды.
Умалас ауданындағы виллалардың бірінде Қазақстанның бір азаматы мен Ресейдің үш азаматы ұсталған. Құқық қорғау органдары күдіктілердің қызметін Telegram және басқа да онлайн платформалар арқылы анықтаған.
Иммиграция қызметінің мәліметінше, ұсталғандар елде тұруға берілген рұқсат талаптарын бұзды деген күдікке ілінген. Қазір олардан жауап алынып жатыр.
Күдіктілер Индонезиядан депортацияланып, елге бес жыл бойы кіру құқығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуы ықтимал.