46 жастағы теміржолшы Жұбандық Дүйсембаев Ақтөбе облысында жұмыс кезінде ауыр күйік алып, ауруханада бір апта жансақтау бөлімінде жатқаннан кейін қайтыс болды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Оқиға 13 қазанда Шалқар ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар 200 литрлік бөшкеден бензин құйып жатқан кезде кенеттен өрт тұтанған. Салдарынан 23 және 46 жастағы екі ер адам зардап шеккен.
Оларға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, санитариялық авиация арқылы ауданнан облыс орталығына жеткізілген.
Ақтөбедегі №1 көпбейінді аурухананың дәрігер-травматологы Нұрлан Әбішевтің айтуынша, науқастарды емдеуге Астанадан да мамандар тартылған.
«Екінші науқас алған жарақатының ауырлығына байланысты қайтыс болды», – деді дәрігер.
Марқұмның денесінің шамамен 85 пайызы күйік шалған. Ал екінші зардап шегушінің денесінің 40 пайызы күйіп, әрі қарай ем алу үшін Астана қаласына жеткізілген.