Әлеуметтік желіде домбыра тартуымен көпшілікті тәнті еткен 14 жастағы Ксенияның отбасына күтпеген қуаныш бұйырды. Қызының өнерге деген құштарлығын қолдау үшін миллион теңгеге несие рәсімдеген анасының қарызын қайырымды жан толық өтеп берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл жаңалықты блогер Эмин Хаджиев жұртшылыққа жеткізді. Оның сөзінше, бір миллион теңге көлеміндегі берешек өткен түні түгел жабылған. Алайда қаржылай көмек көрсеткен азамат өзінің кім екенін жарияламауды сұраған. Блогер жас домбырашыға қатысты тағы бір жағымды жаңалықты айтты. Ксения алдағы уақытта сахнаға қазақы нақыштағы киіммен шыққысы келеді екен. Қазір оның осы арманын жүзеге асыру үшін арнайы ұлттық үлгідегі көйлек тігіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ксенияның домбыра шерткен сәті түсірілген бейнежазба желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленген еді. Жас өнерпаздың видеосы жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде 100 мыңнан астам рет қаралған. Қазақтың ұлттық аспабына қызығушылық танытқан жасөспірімнің өнер жолындағы талпынысы осылайша көпшіліктің назарын аударып, отбасына күтпеген қолдау әкелді.