Ұлттық қор болашақ ұрпақты қорғау үшін құрылған болатын, алайда оны пайдалану тетіктері әлі де бұлыңғыр болып отыр. Жаңа Бюджет кодексінде трансферттерге нақты шектеу жоқ, сондай-ақ бақылау тетіктері де егжей-тегжейлі жазылмаған. Бұл туралы сенатор Наурызбай Байқадамов бүгінгі Сенат отырысында айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, жаңа Бюджет кодексінде Ұлттық қордың қаражатын пайдалану тетігін реттеу сияқты негізгі аспект жеткілікті түрде пысықталмай қалып отыр.
Ұлттық қор – бұл болашақ ұрпақты экономикалық дағдарыстардан қорғау үшін құрылған стратегиялық актив. Ол бюджетті қысқа мерзімді толықтыру көзі ретінде емес, дағдарыстарды жеңуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді тұрақтылық құралы ретінде жұмыс істеуі керек. Бірақ, жаңа Бюджет кодексін талдау қорды басқаруға қатысты оның нормаларының нақты және де жеткілікті дәрежеде ашық емес екендігін көрсетеді, – деді депутат.
Сондай-ақ, ол шикізат секторы кірістің негізгі көзі болып қалып отырған Қазақстан экономикасында мұнай бағасының құбылмалылығы бюджет жүйесіне тікелей әсер ететінін жеткізді.
Тұрақты макроэкономикалық саясаты бар елдерде егемен қорлардың қаражаты қатаң ережелерге сәйкес пайдаланылады: мұнай бағасы жоғары болған кезде олар жұмсалмайды, жинақталады, ал бағалар төмендеген кезде экономиканы қолдауға көмектеседі. Біздің жағдайда бұл қағида бекітілмеген. Соның салдарынан, әрбір дағдарыс бізді Ұлттық қордың қаражатына қайта-қайта жүгінуге мәжбүрлейді, осылайша оның ұзақ мерзімді тұрақтылығына нұқсан келтіреді, – деді Наурызбай Байқадамов.
Айтуынша, жаңа Бюджет кодексінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылуы мүмкін болатын қаражат көлеміне қойылатын нақты шектеулер жоқ. Ұлттық қор туралы негізгі ережелер оны қалыптастыруға және трансферттерді беруге қатысты, бірақ бақылаудың егжей-тегжейлі тетіктері жоқ.
Осыған байланысты, еліміздің экономикасын орнықты дамыту мақсатында және бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қорды басқаруда пәрменді тәсіл қажет. Сонымен қатар, Ұлттық қордан берілетін трансферттер тек аса қажетті инфрақұрылымды және республикалық маңызы бар жобаларды дамытуға бағытталуымен қатар, ұсынылғандай – Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің 30 пайызы мөлшерінде ковенанттармен шектелуге тиіс. Бұл тұрақтандыру функциясы үшін ғана жеткілікті емес, сонымен қатар Ұлттық қордың жинақтау функциясын іске асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, біз ұлттық құндылығымызды келешек ұрпақ үшін сақтай аламыз, – деп түйіндеді сөзін сенатор.