Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы басталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Судья іс бойынша үкім шығарылмай жатып, пікір білдіруде өзіне ерік беріп жатқандарға қатысты ескерту жасады.
Әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылау барысына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Осыған байланысты ҚР Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жізеге асыратынын, сонымен қатар сот төрелігін жүзеге асыру қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін және ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке тартылатуға әкеп соғатынын еске саламыз. Іс қаралып бітіп, үкім шығып, ол заңды күшіне енгенге дейін сот процесін түсіндіруге, әсіресе оған құқықтық баға беруге жол берілмейді. Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді, – деді судья Ержан Жанұзақов.
Еске сала кетсек, кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша өткен жылдың 4 қазанына қараған түні болған қылмысты тергеу аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.
Сот барысында прокурор оқиғаның бас-аяғы қалай болғанын айтты.
Қаржаубай Нұрымов болған оқиғаны баяндау кезінде баласы Шерзат Полат пен бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты емханаға қалай апарғанын жеткізді.
Сотта іс бойынша күдіктілердің сот залынан күліп шыққан видеосы талқыланды. Судья жағдайға байланысты тергеу жүргізілп жатқанын айтты.
Сот отырысында жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша айып тағылған Дархан Әскентайдан жауап алынды.