Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сотқа куәгер ретінде Талғар ауданы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын шақырылып, одан жауап алынды. Ол айыпталушы Дархан Әскентайды танитынын, онымен бір сыныпта оқығанын атап өтті. Ал, басқа айыпталушылар мен жәбірленушілерді танымайтынын айтты.
«Қамажай» дүкеніне барған жерден кезде қанды көрдім. Адамдардан баланың пышақталғанын, әкесі емханаға алып кеткенін білдім. Golf пен Mercedes автокөлігі туралы білдік. Рысқұлов ауылына қарай жүрген кезде қара Golf автокөлігін көрдік. Барған кезде ішінде ешкім болмады. 102-ге қайта хабарласып, автокөлікті тапқанымызды айттық. Сол кезде бір жігітті байқадық, оны әріптесіміз екеуміз ұстадық. Ол сұрау барысында төбелеске қатысты бар екенін айтты, ол Дархан Әскентай болып шықты. Оны бірден танымадым. Көзі ісіп кеткен. Тау жақта жарық жоқ», – деді Жәнібек Әмірақын.
Куәгер сотталушы Дархан Әскентай ұстау кезінде қарсылық танытпағанын жеткізді. Айтуынша, ол қатты мас күйде болған.
Еске сала кетсек, кеше қайғылы оқиға кезінде сол жерде болған, куәгер ретінде танылған қыздардан жауап алынған болатын. Олардың бірі Эльмира Нұрбекованың сөздеріне прокурор күмән келтірген еді.