Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш екті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақорда ақпаратына сәйкес, «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабы толтырылды.

Бұдан кейін президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев көрме экспозицияларын аралап көрді. Мұнда қоқыс өңдеу, өндірістік кәсіпорындар жобалары, табиғат тазалығы бойынша стартаптар, мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары, сонымен қатар балалардың қоршаған орта тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстары қойылған.

Әлікей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушылары Нұрбақыт Ермекұлы мен Айзат Ержанқызы президентке Есіл өзенін тазалап, сақтауға қатысты жобаларын таныстырды.