Белгілі тележүргізуші, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт жеке өмірі, отбасылық қарым-қатынасы және әйелдің өзін-өзі бағалауы туралы ашық әңгімеледі. Ол кезінде отбасылы ер адамның өзіне көңіл білдіргенін, алайда мұндай қарым-қатынасқа бірден қарсы болғанын айтты. Сондай-ақ ұлы Әлімнің әкесімен арадағы қарым-қатынасына қатысты да пікір білдірді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Дана Нұржігіттің айтуынша, ол «Хабар» телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезінде болашақ серігімен араласа бастаған. Алайда ер адамның отбасы болғандықтан, оның көңіл білдіруіне бірден жауап бермеген. Тележүргізуші өз ұстанымынан айнымағанын, ешқашан біреудің көңілдесі болуға келіспейтінін ашық жеткізгенін айтты.
«"Хабарда" жұмыс істеп жүргеніме төрт жылдай болды, сол кісі ғой енді. Бір жағынан мен қалай көңіл білдіремін ол кісіге? Ол кісі отбасылы. Сонда сөздерінен, маған деген ниетінен ұқтым. Бірақ мен бірден айттым: мен көңілдес болуға жарамаймын. Мен ондай қарым-қатынаста нюанс бар дегенді түсінбеймін. Ол мен үшін не ақ, не қара болу керек деп. Сонда ғана ол кісі басы босады, сосын барып біз қосылдық», – деді Дана Нұржігіт.
Оның сөзінше, екеуінің қарым-қатынасы ер адам бұрынғы отбасылық міндеттемелерінен босап, жеке өміріне қатысты шешім қабылдағаннан кейін ғана басталған. Сонымен қатар тележүргізуші кейінгі отбасылық өмірінде де өзінің ұстанымдарына берік болғанын жеткізді. Ол қандай жағдай болмасын, ешкімге тәуелді болғысы келмейтінін және баласын өз күшімен өсіруге дайын екенін айтқан.
«Ол балалы келіншекке ондайды айтуға дәті бармады, өйткені Әлім тіпті кішкентай болды ол кезде. Мен өз еркіңде дедім, мүсәпір болғым келмейді, өз күнімді өзім көре аламын дедім. Мен ешкімге қол жаюға, өзімнің өмірімді сондай жағдайға жеткізуге жол бермеймін. Ол жағынан мен өте намысты адаммын. Қалауың басқа адам болатын болса, бара ғой. Міне, босаға, табалдырықты атта да, өміріңнің келесі кезеңіне өте бер дедім», – деді ол.
Дана Нұржігіт отбасындағы қиындықтарға қарамастан, өзінің қадір-қасиетін жоғалтпауға тырысқанын жеткізді. Оның айтуынша, әйел адам қандай жағдайда да өз өміріне жауапкершілік алып, өзгеге тәуелді болмай өмір сүруге ұмтылуы керек. Тележүргізушінің бұл әңгімесі оның жеке өміріндегі маңызды шешімдерге, қарым-қатынастағы адалдық пен әйелдің өзін құрметтеу мәселесіне қатысты ұстанымын көрсетеді.