Жыл сайын жабылып жатқан ауылдардың саны азаймай отырғаны алаңдатады. Ауылдан арыла көшіп, қалаға ағыла жеткен ағайынның қарасы көп. Ұлттық статистика бюросының есептеуіне сенсек, елімізде 1 жылда 78 ауыл тараған, ресми жабылған. Яғни былтыр ел көлемінде 6 286 ауыл болса, биыл 6 208 ауыл. Ал жалпы кейінгі 10 жылда 582 ауылдың оты сөнген. Қазір халықтың 38%-ы, яғни 7,5 млн адам ауылда тұрады. Осы көрсеткіш жыл сайын жұқарып барады, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Болашағы жоқ ауылдар» деген санат пайда болды, оған 50 шақты ғана адам тұратын елді мекендер жатады. Өкінішке қарай, мұндай ауыл көп екенін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.
«Бүгінде республикада 6 256 ауылдық елді мекен бар, оларда 7,6 миллион адам тұрады, бұл ел халқының 38,4 пайызын құрайды. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 7,2%, жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 33 пайызды немесе 1,2 миллион адамды құрайды», деді министр.
Оның айтуынша, министрлік жыл сайын ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуіне мониторинг, талдау жүргізеді. Мәселен, 2023 жылы қауіпсіздік деңгейі 64,3%-ды құраған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 пункт артық. Бұл ретте нысандар мен қызметтердің ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау (72,4%), Атырау (70%), Ақтөбе (69,6%) облыстарында байқалады.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 39 ауыл қысқартылған, биыл 78 ауыл. Осы 39 ауылдың 25-і Қостанай, 7 ауыл Қарағанды, 3 ауыл Батыс Қазақстан облысында таратылыпты. Ауылдардың таралуы көбінесе солтүстік аймақтарда көбірек байқалады. Өйткені тәуелсіздіктен кейін ел аумағында ішкі-сыртқы көш көрініс бергені белгілі. Әсіресе елдің солтүстік өңіріндегі орыс диаспорасының бір парасы тарихи отанына көшті. Сол себепті де солтүстіктегі ауылдардың халық саны азайып, біразы босап қалды.
Экономист Бауыржан Ысқақов елдегі ауылдан қалалы жерлерге көшудің негізгі себептерінің бірі инвестициялық жобалар мен қаржының көбі қалаға құйылып жатқаны дейді.
«Бүгінде ауылдық жерлерге шикізат өндіретін, мал бордақылайтын, сүт өндіретін, яғни тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға инвесторлар табылған жағдайдың өзінде іске асуы қиын. Өйткені инвесторлар қаржы салуға дайын болғанымен, бізде оны игеретін маман тапшы. Жоғары білікті мамандарды айтпағанда, қара жұмыс істейтін жұмысшы аз», деді сарапшы.
Алайда бұл мәселеде урбанистердің ұстанымы мүлде басқаша. Мұны табиғи үдеріс деп бағалайды. Мәселен, бүгінде әлем халқының 55 пайызы қалаларда тұрады. БҰҰ-ның болжауынша, қала тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 68 пайызға жетеді. Ал біздің елде бұл көрсеткіш сол жылға дейін 69,1 пайыз болады деп болжанады.