Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 2024 жылдан өңірде кең көлемде жүзеге асырылуда, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Өңірде экологиялық жағдайды жақсарту, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында 1 сәуір - 10 мамыр аралығында облыстық санитарлық-экологиялық айлық жарияланды. Осы мерзімде «Тазару күні» және «Таза өлке», «Таза қала-Таза ауыл», «Мөлдір бұлақ», «Таза аула» және «Жасыл болашақ» акциялары өткізілді.

Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды басқармасының дерегіне сүйенсек, облыс бойынша экологиялық акцияларға 85 573 адам қатысты. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша 17 962,7 гектар алаң тазаланды, 4 859,2 тонна қоқыс шығарылды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Батыс Қазақстан облыстық экология департаментінің ұйымдастыруымен облыстың мектептерінде, жоғары оқу орындарында және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарында 10 экологиялық сағат өткізілді.

Экология департаментінің мәліметінше, халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтін «Taza Qazaqstan» Telegram-боты арқылы келіп түскен өтініштер жедел қаралуда. Бүгінгі күнге дейін түскен 401 өтінімнің 340-ы орындалып, 61 өтінімнің орындалуы жалғасуда.