$ 470.8
 545.99
 6.6

Жезқазғанда денсаулық сақтау саласын дамытудың жаңа трендтері талқыланды

Редактор
16.05.2026, 10:30
Gustavo Fring / pexels
Gustavo Fring / pexels
 Сандық медицина және жасанды интеллект туралы айтылды.

Жезқазғанда мейірбикелер күніне орай халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда аймақ медицинасының жаңа сапалық белеске көтерілгені айтылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қазақстанда бекітілген «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында заманауи технологияларды медицинаға енгізу және орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – басты стратегиялық бағыттардың бірі. Әсіресе шалғай елді мекендер мен ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін танымал ету және халықтың дәрігерлер мен мейіргерлерге деген сенімділігін арттыру бағытында кешенді реформалар жүзеге асырылып жатыр.  Жезқазғанда өткен конференцияда өңірдің медицинасындағы жетістіктер баяндалды. 

Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және Жезқазған қаласының облыстық жоғары мейіргерлік колледжінің 65 жылдық мерейтойына орайластырылған «Жасанды интеллект – мейіргер жұмысындағы пациент қауіпсіздігін арттыру құралы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда өңірдің денсаулық сақтау саласында жұмыс істпп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. 

Айта кетейік,  облыстық жоғары мейіргерлік колледжі  кезінде қазақ халқының ұлы перзенті, академик Қаныш Сәтбаевтың тікелей қолдауымен ашылған болатын. Өзінің 65 жылдық бай тарихында колледж облыс пен республиканың денсаулық сақтау жүйесі үшін мыңдаған жоғары білікті орта буын мамандарын даярлады.

Бүгінде оқу орнының түлектері Ұлытау облысының қалаларында ғана емес, ең шалғай ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) нысандарында, фельдшерлік-акушерлік пункттерде (ФАП) аянбай еңбек етіп, ауыл тұрғындарының денсаулығын күзетіп келеді. Олардың басым бөлігі – көпжылдық еңбек өтілі бар, халықтың шынайы алғысына бөленген денсаулық сақтау саласының ардагерлері. Бұл медицина қызметкерлерінің кәсіби беделін асқақтатып, жас ұрпақ арасында ақ халатты абзал жандардың мамандығын танымал етудің озық үлгісі.

Конференция барысында Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен колледж басшылығы оқу орнының білім беру және ғылыми-әдістемелік әлеуетін жүйелі түрде нығайтып келе жатқанын, кадр даярлаудың заманауи және инновациялық бағыттарын енгізуде көш ілгері екенін атап өтті. 

Заманауи медицинада, соның ішінде ауылдық жерлерде пациенттерге күтім жасауда жасанды интеллект (ЖИ) элементтерін қолдану – уақыт талабы. Денсаулық сақтауды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сай, мұндай цифрлық құралдар мейіргерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, қателіктердің алдын алуға және пациент қауіпсіздігін ең жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша, Ұлытау облысында медицина инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар, адами капиталды, яғни дәрігерлер мен мейіргерлердің біліктілігін цифрлық заман талабына сай арттыру жұмыстары қарқынды жалғаса беретіні айтылды.