$ 486.47
 554.77
 6.26

Жетісулық жастар «Айбын-2026» XII Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында топ жарды

Редактор
27.06.2026, 12:38
Жетісу облысы әкімдігі
Жетісу облысы әкімдігі
«Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы 2015 жылы №7 орта мектептің базасында құрылған. 

Жетісу облысының оқушылары «Айбын-2026» XII Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында топ жарды. Жетісулық жас чемпион сарбаздарды айтулы жеңісімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы құттықтап, олардың жоғары дайындығы мен жетістігіне зор баға берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап өтсек, 21-27 маусым аралығында Ақмола облысының Щучинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Әскери колледжге қарасты «Амандық» оқу полигонында «Айбын-2026» XII Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өткен болатын. Аталған халықаралық іс-шараға 5 мемлекеттен 53 команда қатысып, жас сарбаздар әскери-патриоттық даярлық, әскери-қолданбалы спорт түрлері және командалық жарыстар бойынша өзара бақ сынасты.

Президент сахнада сөйлеп тұр

Жетісу облысының намысын қорғаған «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының 15 тәрбиеленушісі жоғары дайындықтарын, әскери шеберліктерін, ұйымшылдығы мен патриоттық рухын танытып, барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алды.

Жетісулық әскери-патриоттық клубының мүшесі, Талдықорған қаласындағы Қ. Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Нұрасыл Шарипов бұл жарыстың өзіне ерекше әсер қалдырғанын айтады:

- «Жетісу тарландары» клубына мүше болғаныма 5 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында әскери бағыттағы тәрбие мен тәртіптен көп нәрсе үйрендім. «Айбын» байқауы өте тартымды әрі қызықты өтті. Қарсыластарымыз да осал болған жоқ, сондықтан әр кезең тартысқа толы болды. Осындай Халықаралық деңгейдегі додаға қатысу бізге үлкен тәжірибе мен мотивация сыйлады. Жарыста командамыздың бірлігінің, шеберлігінің арқасында барлық кезеңнен сүрінбей өттік. Еліміздің Президентін жақыннан көріп, қолын қысу – мен үшін үлкен мәртебе әрі өмір бойы ұмытылмайтын сәт болды, - дейді ол.

Жалпы, «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы 2015 жылы Талдықорған қаласындағы Ушинский атындағы №7 орта мектептің базасында құрылған. Клуб бүгінге дейін «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында бірнеше рет топ жарған. Атап айтсақ, 2017 жылы І орынды, 2022 жылы Бас жүлдені иеленді, биыл үшінші рет жеңіске жетіп отыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау