$ 485.4
 550.69
 6.41

«Жеке өміріме араласпаңыздар!»: Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жұбайының даулы мәлімдемесіне жауап берді

Редактор
26.06.2026, 16:18
Фото: Forbes.kz
Фото: Forbes.kz
Кәсіпкер ең алдымен барлық даулы мәселелер құқықтық алаңда шешілуі тиіс екенін айтты.

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлованың әлеуметтік желідегі үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Жанықұловтың айтуынша, соңғы күндері оған журналистер көптеп хабарласып, бұрынғы жұбайының видеоүндеуіне қатысты түсініктеме сұрағандықтан, ол көпшілікке ортақ мәлімдеме жасауды жөн көрген. Кәсіпкер ең алдымен барлық даулы мәселелер құқықтық алаңда шешілуі тиіс екенін айтты.

«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және барлық дауды әлеуметтік желіде емес, сот арқылы шешуіміз керек. Қазір сот процесі жүріп жатқан кезде бұрынғы жұбайымның әлеуметтік желілер арқылы сотқа ықпал етуге тырысуы дұрыс емес деп есептеймін. Соған қарамастан мен бұған сабырмен қараймын», – деді ол.

Оның сөзінше, қазіргі таңда сотта бұрынғы жұбайының үш жылдан астам уақыт бұрын өз қолымен қол қойған құжаттарды жарамсыз деп тану туралы талабы қаралып жатыр. Жанықұлов дауланып жатқан құжаттарды рәсімдеу кезінде екі тараптың да білікті заңгерлері болғанын атап өтті.

«Құжаттарды дайындау барысында менің де, оның да жоғары білікті адвокаттары болды. Өзара келісімге келгеннен кейін нотариус қатысуымен барлық қажетті құжаттарға қол қойдық және сол кезде ешқандай мәселе болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе оның пікірі өзгерген сияқты. Енді бұл өзгеріске сот құқықтық баға береді деп күтіп отырмыз», – деді кәсіпкер.

Сонымен қатар ол ажырасқаннан кейін де бұрын келісілген міндеттемелерді орындап келе жатқанын айтты.

«Біз әлдеқашан ажырасқанбыз. Мен құжаттарда келісілген барлық міндеттемені орындап келемін. Балаларымызбен қарым-қатынасым өте жақсы. Әрине, оларды қамтамасыз етіп, қолдап келемін және алдағы уақытта да үлкен махаббатпен жалғастырамын», – деді ол.

Сөз соңында кәсіпкер қоғам өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жасады.

«Осы тақырып арқылы назар аударуға немесе хайп жасауға тырысып жүргендердің барлығына айтарым – бұл адамның жеке өміріне араласу екенін ұмытпаңыздар. Егер маған бұл әсер етпесе де, балаларымыз бен жақындарымыз мұндай назардан қатты зардап шегуі мүмкін. Ал адамдарды барлық мән-жайды білмей тұрып айыптауға асыққандарға Уильям Шекспирдің мына сөзін еске салғым келеді: “Өзгенің күнәсін айтуға асықпа, алдымен өзіңе қара”», – деді Жұмабек Жанықұлов.

Еске салайық, бұған дейін Жанна Жанықұлова әлеуметтік желіде үндеу жариялап, кәсіпкермен 20 жыл заңды некеде тұрғанын және бес баланы дүниеге әкелгенін мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, отбасындағы ажырасуға жолдасының бірнеше рет опасыздық жасауы мен басқа әйелдермен байланысы себеп болған. Сондай-ақ ол кейінгі жылдары кәсіпкердің өмірінде жаңа әйел пайда болғаннан кейін мүлікке қатысты дау туындап, ресми ажырасу рәсімделгенін айтқан. Жанна Жанықұлова қазіргі сот процесінің әділ өтуіне күмән келтіретінін айтып, қоғамнан қолдау сұраған.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау