$ 467.48
 539.52
 5.73

«Жарыммен жолықтырған кісі»: Мұхамеджан Тазабек Бекболат Тілеуханмен ерекше байланысын айтты

Редактор
07.08.2026, 15:52
insta: mukhamedzhan_tazabek
insta: mukhamedzhan_tazabek
Айтыскер Бекболат Тілеуханның өз өміріндегі орны ерекше екенін жасырмады

Қазақстандық ақын, ағартушы, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желідегі парақшасында Бекболат Тілеухан 60 жасқа толуына орай жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

Мұхамеджан Тазабек көпшілік білетін Бекболат Тілеуханнан бөлек, жақындары ғана танитын ерекше болмысын сөз етіп, оның көптеген адамға үнсіз қолдау көрсеткенін айтты.

«Оның қанша адамның тағдырындағы жетістікке үнсіз себепкер болғанын, қанша азаматтың жолын ашқанын, қанша жақсылықты жарияламай жасағанын біз шамалап білеміз. Ал, бүтін хайырын бір Алла біледі», – деп жазды ол.

Сондай-ақ ақын Бекболат Тілеуханның өз өміріндегі орны ерекше екенін жасырмады.

«Өз басымда Бекболат ағаның жақсылығы шаш етектен. Жарыммен жолығуыма тікелей себепкер болған да – осы кісі. Руханиятқа, дінге қызмет ететін жолдың алғашқы есігін ашқан да – осы кісі. Халифа Алтай атамыздың қорындағы қызметтен бастап, Президент оркестріндегі жылдарға дейін қасынан тастамай, өмірдің де, елге қызметтің де талай сабағын көрсетті», – деді Мұхамеджан Тазабек.

Ол Бекболат Тілеуханды өзіне тек ұстаз емес, туыстықтан да терең жақын адам ретінде қабылдайтынын айтты.

«Біз өте жақын болғандықтан "ұстазым еді" деп ресмилендіргім келмейді. Кейбір қарым-қатынастың аты болмайды. Ағалықтан басталып, туыстықтан да терең бір жақындыққа айналып кетеді. Үнсіз дұғаңа қосасың, көзі жоқта жамандатпайсың, ақысы қап бара жатса, алып кеп бересің... Менің Бекболат ағамен байланысым – сондай», – деп түйіндеді ол.

Желі қолданушылары Мұхамеджан Тазабектің жазбасын жылы қабылдап, Бекболат Тілеуханды 60 жас мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды.