Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ҚР Әзербайджандағы елшілігінің көмегімен Қазақстан азаматын заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Прокуратура мәліметінше, ол 2023 жылы Алматында бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған, сол арқылы аса ірі көлемде пайда тапқан деген күдікке ілінген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті тергеуден жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланды.
Биыл қаңтарында ол Баку қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.