Мемлекет өз мойнына алған міндеттерін орындамай, заңбұзушылыққа жол беріп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, экс-министр Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Депутат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі заңбұзушылықтар мен олардың халыққа тигізіп жатқан кері әсері туралы мәлімдеді.
Аймағамбетовтың айтуынша, азаматтар мен жұмыс берушілер сақтандыру жарналарын уақтылы төлеп отыр, ал мемлекет өз міндеттемесін толық орындамайды.
Заң бойынша:
Әр азамат жалақысының 2%-ын аударуы тиіс;
Жұмыс беруші қосымша 3% төлейді;
15 санаттағы азаматтар (зейнеткерлер, балалар, студенттер және т.б.) үшін жарнаны мемлекет орташа жалақының 2%-ы көлемінде төлеуге тиіс
Іс жүзінде не болып жатыр?
Мемлекет жарнаны орташа емес, медиандық жалақыдан есептейді (бұл – заңбұзушылық). Салдарынан жүйе жыл сайын 250 млрд теңгеден қағылып отыр. Депутат ұсынған ақпаратқасәйкес, 2024 жылы мемлекет өз міндеттемесінің тек жартысын ғана орындаған. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласы 500 млрд теңгеден астам қаражатсыз қалды.
Салдары қандай?
Емханаларда ұзын-сонар кезектер;
Қолжетімсіз анализдер мен дәрі-дәрмек;
Уақытында көмек ала алмаған мыңдаған азамат.
Егер азаматтар жарнасын төлемесе, оларды МӘМС жүйесінен шығарады. Ал мемлекет жарнаны төлемесе, ешкім жауап бермейді. Бұл әділетсіз! – дейді Асхат Аймағамбетов.
Осыған байланысты депутат медициналық сақтандыру жүйесіндегі заңбұзушылықтарды жоюды, мемлекеттен жарнаны толық әрі уақтылы төлеуді талап етті.