«Үш адам қаза тапты»: Астанада жатақхана иесі сотталды

Редактор
07.03.2025, 18:11
«Үш адам қаза тапты»: Астанада жатақхана иесі сотталды
Үкім заңды күшіне енген жоқ

Төтенше жағдайлар министрлігінің анықтау басқармасының үйлестіруімен Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті 2024 жылғы маусымда болған жатақханадағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Өрт салдарынан үш адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған адам қайтыс болған.

Ақпаратқа сәйкес, тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі («Екі және одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша жүргізілді.

Жатақхана иесі шарттар мен қажетті құжаттарды рәсімдемей бөлмелерді заңсыз тапсырғаны анықталды. Өрт қауіпсіздігі талаптары туралы түсіндірме жүргізетін қызметкерлерді елемей, олардың талаптарына құлақ аспаған, ғимаратта өрттен қорғау құралдары болмаған, – делінген іс материалында.

Сот талқылауы барысында сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.