$ 470.8
 545.99
 6.6

Ұлытауда ұлттық дәстүр мен экотуризмді тоғыстырған «Көкмайса» фестивалі өтеді

Редактор
09.05.2026, 10:28
Фото: Қазақтуризм
Фото: Қазақтуризм
 Қазақстанның оқиғалық туризм күнтізбесіне енген шара өңірдің туристік әлеуетін танытуға жол ашып отыр 

Қазақстанда ішкі туризмді дамыту мен өңірлердің туристік тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызы артып келеді. Соның ішінде табиғатпен етене таныстыратын экологиялық туризм мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін оқиғалық туризм ерекше сұранысқа ие. Осындай маңызды жобалардың бірі – Ұлытау өңірінде өтетін «Көкмайса» фестивалі, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

«Көкмайса» фестивалі Қазақстанның жыл сайынғы маңызды іс-шаралары енгізілген оқиғалық туризм күнтізбесіне енген. Бұл фестивальдің ел көлеміндегі мәдени-туристік маңызын көрсетеді және Ұлытаудың туристік брендіне айналып келе жатқанын аңғартады.

Шараның басты мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін, ұлттық тағамдарын және тарихи мұрасын кеңінен насихаттау.

«Көкмайса» атауының өзі көктемнің келуін, даланың құлпырып, жасыл желекке орануын білдіреді. Фестиваль қазақ даласының табиғи сұлулығын дәріптеп қана қоймай, ұлттық болмысты танытатын мәдени алаңға айналған», деді шара ұйымдастырушылары. 

20 маусымға жоспарланған шара барысында Ұлытауға келген қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, қымыздың түр-түрін көруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылып, ұлттық бұйымдарды жасау бойынша шеберлік сағаттары өткізіледі. Туристер көне рецепттермен танысып, ата-бабадан жеткен аспаздық дәстүрлердің ерекшелігін көре алады.

Фестиваль бағдарламасының тағы бір маңызды бөлігі – қазақтың дәстүрлі салт-дәстүрлері мен этнографиялық көріністердің көрсетілуі болады. Қонақтар ұлттық рәсімдерді тамашалап, халық музыкасын тыңдап, этникалық билерді көре алады. Мұндай шаралар келушілерге қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, оқиғалық туризм өңірдің туристік тартымдылығын арттырудың тиімді құралдарының бірі саналады. Әсіресе табиғаты көркем, тарихи орындарға бай Ұлытау үшін мұндай фестивальдер туристік ағынды көбейтіп қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да оң әсер етеді.

Бүгінде әлемде экологиялық туризмге қызығушылық артып келеді. Туристер табиғи аумақтарды аралап қана қоймай, сол өңірдің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен және ұлттық ерекшеліктерімен танысқысы келеді. Осы тұрғыдан алғанда «Көкмайса» фестивалі экотуризм мен этнотуризмді үйлестірген ерекше жоба ретінде ерекшеленеді. 

Фестиваль тек мерекелік іс-шара ғана емес, ұлттық мұраны жаңғыртып, оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени жоба болып саналады. Оның басты құндылығы – ұмыт бола бастаған дәстүрлерді қайта жаңғырту және қазақ мәдениетін заманауи форматта насихаттау. Ал оның Қазақстанның оқиғалық туризм күнтізбесіне енуі Ұлытаудың туризм саласындағы әлеуетінің жоғары екенін және өңірдің ішкі әрі халықаралық туристер үшін қызықты бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді.