Белгілі экономист Сапарбай Жұбаев Ұлттық қордан ақша алуды қайта заңмен шектесек, бюджет тапшылығын жаба алмай қалуымыз мүмкін деп есептейді. Бұл туралы ол Erbol Seilkhan ютуб арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық қордан ақша алуды заңмен шектесек, бюджет тапшылығы 3 пайыздан 10 пайызға бір-ақ өсіп кетеді, яғни бюджеттің жартысы тапшылық болуы мүмкін. Бұл ретте бюджет шығынын азайтып, негізгі салаларды қаржыландыруды ғана қолға алу қажет.
Бекерге бюджеттен кетіп жатқан ақшалар өте көп. Біздің өңдеуші өнеркәсіпті, туризм саласын, фармацевтика саласын дамытуға сол ақшаларды аз-маз жіберуіміз керек. Сондықтан Ұлттық қордан 6 трлн емес, 2 трлн алу керек. Ұлттық қордың әр жылда түсетін табысы бар – 2 млрд долларға жақын. Біз соны ғана пайдаланып әрекет жасауымыз керек. Жас балаларға соның табысының 50 пайызын бердік қой. Биыл 129 доллардан әрқайсысына тиіп жатыр. Соларға тиместен, қалғанына біраз істетсек те болады. Мен бұған оншалықты қарсы емеспін, – деді сарапшы.
Сондай-ақ, ол Ұлттық қор құрудағы Норвегияның тәжірбиесін мысалға келтірді.
Норвегияда Ұлттық қор демейді, Тұрақтандыру қоры дейді. Ол 1 трлн 1 жүз млрд-тан ақшасы асып кетті. Оның табысының өзі бюджетінен жоғары. Сол ақшаны олар жинап жатыр. Норвегтер 30-40 пайызға дейін жеке табыс салығын төлейді, – деді Сапарбай Жұбаев.
Сарапшы ел экономикасында болып жатқан маңызды мәселерге қатысты пікірін білдіріп, бірқатар проблеманың шешу жолдарын айтты. Маманның жауабын сұхбаттың толық нұсқасынан тамашалаңыз.