Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобалар үшін жаңа қағидалар енгізіледі

Редактор
29 янв. 2025 г., 15:16
Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобалар үшін жаңа қағидалар енгізіледі

Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпы елдік маңызы бар жобаларға сараптама жүргізу қағидаларының жобасы әзірленді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, Үкімет Ұлттық банк және Жоғары аудиторлық палатамен бірлесіп, жобаларды міндетті сараптау және талдау тетігін әзірлеген. Бағалау процессі екі негізгі кезеңді қамтиды.

Стратегиялық бағалау – бірінші кезеңде Ұлттық экономика министрлігі жобаларды елдің стратегиялық құжаттары басымдықтарына сәйкестігіне, сондай-ақ олардың ЖІӨ-ге салым, бюджеттік түсімдердің ұлғаюы және инвестициялардың өсуі бойынша болжамдарды қоса алғанда, экономикаға әсерін бағалайтын болады.

Кешенді бағалау – сараптаманың екінші кезеңі тереңірек талдауды қамтиды. Ұлттық Банктің, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің мамандарын қамтитын сараптамалық топ жобалардың қаржылық-экономикалық және техникалық аспектілерін бағалайтын болады. Қажет болған жағдайда тәуелсіз сараптама үшін жоба бастамашысының қаражаты есебінен сырттан мамандар тартылатын болады.

Сонымен қатар, жобалардың сапасы мен тұрақтылығын арттыру үшін қаржыландыру шарттары өзгерді. Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың үлесі талап етілетін қаражаттың жалпы көлемінің 50%-дан аспайды. Қалған қаржыны жоба бастамашысының немесе жоба акционерлерінің, екінші деңгейлі банктердің, халықаралық қаржы ұйымдарының өз қаражаты арқылы қоса қаржыландыру қажет болады.

Жоба сараптама жүргізу және қағидаларды бекіту шарттарын нақтылай отырып, Бюджет кодексіне өзгерістер енгізеді.

Қағидалар жобасын қабылдау Ұлттық қордан қаражат бөлу шарттарын қатайтады және оның қаражатын жалпы қосылған құны жоғары жобаларды іске асыру үшін жұмсауға мүмкіндік береді.