Үкімет резервінен отандық шаруаларды қолдау үшін 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулыға сәйкес Үкімет резервінен шамамен 116 млрд 772 млн теңге бөлу қарастырылған.
Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елімізде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.