Продюсер әрі блогер Мөлдір Мұқан туған ауылына барып, балалық шағын еске алды. Ол әлеуметтік желіде сиыр сауып жүрген сәтінен видео жариялап, ауыл өміріне деген сағынышын жеткізді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Жазбада Мөлдір Мұқан табиғат аясындағы қарапайым ауыл тіршілігін сағынғанын айтып, сүт өнімдерінің ерекше дәмін еске алған.
«Өзенге түсіп келіп дайын шай ішетін, сары ірімшікті сұйық қаймаққа араластырып жейтін жақтамын. Сүт, қаймақ, құрттың дәмін-ай. Артында үлкен еңбек, тұрақтылық, мал шаруашылығына ұқыптылық жатыр. Анамның жанында жүріп сиыр сауып, сүт тартқанымды да сағыныппын. Сағынышымды осылай еркелеп жүріп басып алдым. Рақмет саған, ауылым», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары блогердің қарапайым ауыл тіршілігін көрсетуіне жылы пікір білдіріп, туған жердің қадірін ұмытпауға үндеген жазбасына қолдау көрсетті.