$ 477.48
 555.83
 6.65

Түркістанда түркі әлемінің тарихи саммитін ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтар марапатталды

Редактор
28.05.2026, 16:14
Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысы әкімдігі
 Түркістан қаласында облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті. 

Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелер кеңінен талқыланды, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мәжіліс барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, мемлекеттік наградалар мен Алғыс хаттарды табыстады.

Облыс әкімі өз сөзінде саммиттің тарихи маңызына тоқталып, бұл ауқымды іс-шара Түркістанның халықаралық беделін арттырудағы маңызды кезең болғанын атап өтті.

– 15 мамыр күні түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Саммит қорытындысында Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының тарихи, мәдени және рухани сабақтастығын нығайтатын маңызды құжат қабылданды. Сонымен қатар түркі дүниесінің болашақтағы рухани және ғылыми ықпалдастығына жол ашатын Түркі өркениеті орталығының іргетасы қаланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көне Түркістан қаласын еліміздің ғана емес, тұтас түркі әлемінің жауһары ретінде одан әрі дамыту, инфрақұрылымын жетілдіру, абаттандыру және халықаралық беделін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Саммитке қатысқан шетелдік мемлекет басшылары мен ресми делегациялар Түркістан қаласының көлік инфрақұрылымына, көгалдандыру деңгейіне, тазалығына және ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға берді. Саммит қорытындысында Мемлекет басшысы өңір тұрғындарына және іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл – бірліктің, жауапкершіліктің және ортақ еңбектің нақты нәтижесі.

Осы ретте аталған маңызды жиынның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін ұйымдастыруға елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз нәтижелі болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Жиында күн-түн демей еңбек еткен коммуналдық сала қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге, еріктілерге және қаланың көркеюі мен тазалығына үлес қосқан тұрғындарға мемлекеттік марапаттар мен Алғыс хаттар тапсырылды.

Айта кетейік, Түркістан төрінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Саммит барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды бастамалар көтерілді.

Сонымен қатар Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған ортақ келісімдер қабылданды. Шетелдік делегациялар Түркістан қаласының қарқынды дамуына, заманауи инфрақұрылымына, тазалығы мен ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау