Түркістан облысында 4 жыл бұрын жоғалған қыз табылды

Редактор
28 янв. 2025 г., 20:06
Түркістан облысында 4 жыл бұрын жоғалған қыз табылды

Түркістан облысында полицейлер 4 жыл бұрын жоғалған қызды тапты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың жазында жергілікті тұрғын полицияға 16 жастағы қызының жоғалғанын айтып, арызданған. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылар барлық қажетті тергеу әрекетін жасаған. Бірнеше жыл өтсе де тұрғынның арызы негізінде іздеу ісі жалғасып, нәтижесінде 2025 жылдың қаңтарында жоғалған қыз табылды.

Қызымнан хабарсыз қалып, нендей жағдайда екенін біле алмай жүрген күндер артта қалды. Көп рақмет сіздерге. Арасында өздеріңізге де сенімсіздік білдірген едім, бүгін міне үмітім ақталып отыр. Сіздерге алғысым шексіз, деген анасы көңілдегі шынайы ризашылығын жеткізді.

Полиция жас қызды Алматы қаласындағы тамақтану орындарының бірінде жұмыс жасап жүрген жерінен тапқан. Бүгінде қыздың осынша уақыт қайда, не себеппен хабарсыз кеткенін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Полицейлер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.