Халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
2019 жылғы қыркүйекте еліміздің Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген болатын.
Осыған байланысты Түркияның құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген.
Биылғы жылы ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары қашқынды Анталья қаласында ұстады.
Ағымдағы жылдың 9 мамырында Анталья қаласының соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдаған және ол қазіргі уақытта қамауда оттыр екен.
Қазақстанның құзыретті органдары оны Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Астана қаласының соты Талғат Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған болатын.