Қазақстанда электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне жүргізілген аудит саладағы бірқатар жүйелі және қаржылық кемшілікті анықтады. Аудит қорытындылары Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен отырыста қаралды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Аудит шеңберінде Энергетика министрлігі, «Самұрық-Энерго», «KEGOC», KOREM және басқа да ұйымдардың қызметі тексерілді.
Анықталған негізгі проблемалар:
▪️ Энергетикалық теңгерімсіздік – электр қуаты негізінен солтүстікте өндіріледі, ал тұтынудың 25%-ы оңтүстікте.
▪️ Генерациялық қуаттардың 55%-ы тозған, ал электр желілерінің тозуы – 76%.
▪️ 4,5 мың маман жетіспейді, жастардың салаға қызығушылығы төмен.
▪️ Тариф саясаты ашық емес, шығындарға мониторинг жүргізілмейді.
▪️ Майнерлер Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 1 млрд кВт/сағ-қа дейін энергия тұтынған.
▪️ Провайдерлер саны артып, 200 млрд теңгеге жуық электр энергиясы нарық операторларын айналып өтіп сатылған.
▪️ KEGOC жобалары бойынша артық шығын – 2,2 млрд теңге.
▪️ «Самұрық-Энерго» 10 жылда 4-ақ жоба іске асырған, тоқтатылған жобалар бойынша шығын – 199 млрд теңге.
Ең алдымен, Энергетика министрлігі тарапынан өндіріс көлеміне, тұтынуға және нақты тарифтерге мониторинг жүргізілуі тиіс. Аудит деректеріне сәйкес майнерлер Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 1 млрд кВт*сағ-қа дейін электр энергиясын тұтынып отыр. Энергия тапшылығы жағдайында майнерлердің электр қуатын осылай бақылаусыз тұтынуына қалай жол беруге болады?» — деді Әлихан Смайылов Энергетика министрлігінің өкілдеріне.
Министрлік өкілдері майнерлерге қатысты қажетті лицензиялау механизмдері әзірленгенін атап өтті.
«Лицензиялау – бір мәселе. Олар энергияны провайдерлер арқылы реттелмейтін бағамен сатып алады. Нәтижесінде шығындар тұтынушыларға жүктелуде. Баланстық провайдерлердің саны артып келеді. Бұл – халық есебінен еш қиындықсыз пайда табудың жолы. Ал сіздер бұған жол беріп отырсыздар. Бақылаудың тиімді механизмдері жоқ», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Жалпы қаржылық нәтижелер:
Қаржылық заң бұзушылықтар – 66 млн теңге;
Тиімсіз жоспарлау – 9,5 млрд теңге;
Тиімсіз пайдаланылған қаражат пен активтер – 104,7 млрд теңге;
Барлығы 72 рәсімдік, 35 жүйелі бұзушылық анықталды.