Шымкентте жол ережесін бұзған кортеж қатысушылары жауапқа тартылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары түнгі уақытта қала көшелерінің бірінде автокөліктер кортежін анықтады.
Жүргізушілер жол қозғалысы қағидаларын бұзып, атап айтқанда: қарсы жолаққа шығып, тыйым салынған жерде артқа жүрген, оның ішінде кейбірі терезеден шығып тұрған жолаушыларды алып жүріп, өзінің ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігін елемеген. Ал темір тұлпарға орнатылған жыпылықтайтын маяктар жалған төтенше жағдай тудырып, басқа жүргізушілерді жол беруге мәжбүрлеген. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетімен мұндай бассыздықтың ауыр салдарының алды алынды, – делінген хабарламада.
Кортеж қатысушылары досының тойынан шығып, мерекелеуді жалғастырғаны белгілі болды. Құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде қарсы жолаққа шыққандар көлік басқару құқығынан айырылды.
Полиция жолдағы немқұрайлылық қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертеді және жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.