Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстауға барды

Редактор
18.04.2025, 18:00
Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстауға барды
Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізеді

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нысанның қызметімен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізеді.

Президент әуелі Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді. Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысанның аймақта алғаш рет салынғаны жөнінде баяндалды. Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген.

Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған.

Қазіргі кезде өнім жеткізумен айналысатын отандық ірі кәсіпкерлермен келісімшарт жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.