Терроризмді насихаттағандар қандай жазаға тартылады?

Редактор
11.09.2025, 15:16
Терроризмді насихаттағандар қандай жазаға тартылады?
Елімізде терроризмдi насихаттап, терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақырғандарға қатаң жаза қарастырылған. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасы дайындаған видеода айтылады, - деп...

Елімізде терроризмдi насихаттап, терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақырғандарға қатаң жаза қарастырылған. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасы дайындаған видеода айтылады, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Бүгінде терроризм тек қару-жарақпен  немесе жарылыстармен ғана емес, идеялық насихат арқылы да таралуда. Жалған уәделермен жастарды арбау экстремистік идеологияны интернет арқылы тарату, бейнероликтер мен мәтіндер арқылы зорлық-зомбылықты ақтау – мұның бәрі терроризмнің идеологиялық қаруы.

Сондықтан да Қазақстан заңнамасы мұндай әрекеттерге қатаң тайым салып, ауыр жаза қарастырады. ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыруды қылмыс деп таниды.

Бұл әрекеттерге терроризмді оң немесе ақтайтын пікірлер тарату, террористік әрекеттерді жасауға үндеу, осы мазмұндағы материалдарды дайындау, сақтау және тарату жатады. Жалпы жағдайда – мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру; адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, не қоғамдық бірлестік  лидері жасаған не масс-медиа, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған, не адамдар тобы немесе алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып, дәл осы іс-әрекеттер болса – мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - деп ескертті Түркістан облысының Дін істері басқармасы.

Терроризмді насихаттау – қоғам қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер. Ол тек жеке адамның емес, бүтін мемлекеттің тұрақтылығына, бейбітшілігіне қауіп төндіреді дейді теологтар.

Сондықтан мұндай әрекеттерге заң алдында мүлдем кешірім жоқ. Әр азамат интернеттегі ақпаратты таратқанда немесе пікір жазғанда оның мазмұны заңға қайшы еместігін ескеруі тиіс, - делінген видеода.