Теміржол билеттерін 50% жеңілдікпен кімдер сатып ала алады?

Редактор
19.03.2025, 14:26
Теміржол билеттерін 50% жеңілдікпен кімдер сатып ала алады?
Көлік министрлігі теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды

Көлік министрлігі жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Жаңартылған нормалар ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін тұлғаларға арналған жеңілдіктерді кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.  

Ақпаратқа сәйкес, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарды, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды алып жүретін жандардың жол жүру құнына 50% жеңілдік беру ұсынылып отыр (теміржол билеті). 

Сонымен қатар, енді ерекше қажеттілігі бар азаматтардан пойызға міну кезінде медициналық мекемелерден алынатын анықтамалар мен құжаттарды көрсету талап етілмейді. Көлік ведомствасы бұл рәсімді Жолаушыларды тасымалдау ережелерінің 44-тармағынан құжат тапсыру талабын алып тастау арқылы жеңілдетуді көздеп отыр. Енді қажетті ақпарат автоматты түрде арнайы деректер базасы арқылы тексеріледі. Бұл шаралар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғауға бағытталып отыр.

Аталған жаңашылдықтарды Көлік министрлігіне қарасты Теміржол және су көлігі комитетінің мамандары дайындады. Қазір бұл өзгерістер мақұлдау сатысында тұр. Ережелерді 2025 жылдың екінші жартысында күшіне енгізу жоспарда бар. 

Айта кетсек, қазір барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жүретін пойыздарға 50% жеңілдік қарастырылған.