Threads желісінде Нұршат Ақбергенова есімді кондитер өз парақшасында жазба жариялап, блогер Аселина Батырдың арнайы тапсырыспен жасалған торт үшін толық төлем жасаудан бас тартып жатқанын мәлімдеді. Торттың және жұмыстың жалпы құны 600 000 теңге болған, алайда тапсырыс беруші бұл сомамен келіспейді, деп жазады bairaqmedia.kz.
«Көрермендерден осы ақпаратты таратуды сұраймын. Мен ақ адал еңбегім үшін ақысыз қалдым. Мен - кондитермін, танымал блогердің іс-шарасына арнап торт пісірдім. Алайда торттың төлемін бір аптадан бері күтіп жүрмін. Бүгін ол мені мүлдем бұғаттап тастады. Материалдарға жеке ақшамнан 440 мың теңге жұмсадым (барлық түбіртектер бар). Торттың салмағы 18 келі болды. Тек сапалы өнімдер қолдандым, кондитерлік өнімдердің бағасынан хабары барлар олардың қаншалықты қымбат болатынын түсінеді», - деп жазды Нұршат Ақбергенова Threads желісінде.

Ол сонымен қатар торттың тапсырыс берушіге ұнағанын, Аселина Батырдың іс-шарасынан қонақтардың әлеуметтік желілерінде осы торттың суреттері жарияланғанын айтты.
Аселина Батыр да өз ұстанымын желіде білдірді:
«Ол кісі бұл жағдайды мен төлем жасаудан бас тартқандай етіп көрсетіп, драма қосып, көпшіліктің оны аяп, мені жауапсыз адам ретінде көрсетуге тырысып жатыр.
Нақты фактілерге келейік:
• Торттың бағасы алдын ала келісілген жоқ.
• Мен 100 000 теңге алдын ала төлем жасадым – себебі, қашанда 40%, 50%, 60% мөлшерінде алдын ала төлем ретінде жасалады.
• Соңғы күнге дейін, тіпті тортты тапсыру кезінде де нақты баға айтылған жоқ.
• Іс-шара өткеннен кейін кешке жақын ғана маған 600 000 теңгеге шот келді. Біз мұндай сомаға ешқашан келіскен жоқпыз», - деді блогер.
Аселинаның айтуынша, ол «әділетті баға – ары кетсе, 300 000 теңге» төлеуге дайын болған.
«Мұндай соманы алдын ала келіспей талап ету – дұрыс емес. Қанша рет сұрадым: «Айтшы, қанша шықты?» – тіпті сен тортты табыстап жатқанда да: «Нәтижесінде қанша болды?» – деп сұрадым, сен үндемедің. Бұл енді бопсалауға ұқсайды. Енді мәселені адамша шешудің орнына, мені әлеуметтік желіде «адамгершілігі жоқ» және «адамдарды алдайтын» етіп көрсетіп жатыр. Бұл - манипуляция», - деп қосты ол.
Сонымен қатар, Instagram-да Аселина Батыр адвокаты құжат дайындап жатқанын және сотқа жүгінетінін айтты:
«Торттың бағасы алдын ала да, тапсыру кезінде де айтылған жоқ. Тікелей сұрағанымда: «Кейін жазамын» деген жауап алдым. Мұны менің командам мен тортты қабылдаған адамдар естіді. Ол кісі кеткен соң ғана біз ешқашан келіспеген баға жіберілді.
Мен алдын ала төлем жасап, соңғы бағаны күттім. Бірақ оның орнына - үнсіздік және кейіннен бірден үлкен сома жіберіп тұр. Бұл саналы түрде адастыру сияқты көрінеді және бопсалауға ұқсайды.
Осыдан кейін адамдар тарапынан жаппай шабуыл мен қысым басталды, тіпті менің жақындарыма тіл тигізіп жатқандар бар. Бұл тек іскерлік даудың аясынан шығып, ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптарына сәйкес келеді:
• Бопсалау (ҚК 194-бабы);
• Жала жабу мен жаппай шабуыл, беделге нұқсан келтіру (ҚК 130-бабы).Сонымен бірге, баға алдын ала келісілмегендіктен, міндеттемелер принципінің бұзылуы да тіркеліп жатыр (ҚР Азаматтық кодексінің 374-бабы).
Қазір адвокатым құжаттарды және талап арыздарды дайындап жатыр. Сот процесі уақытты талап етеді, бірақ мен оны соңына дейін жеткізуге дайынмын. Мен әрқашан адал жұмыс істеймін және дәл сондай қарым-қатынасты күтемін», - деп қорытындылады ол.