Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Талдықорғанда синтетикалық есірткіні өткізумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыптыны ұстады.
Олар — Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны мен облыстың 43 жастағы тұрғыны.
"Күдіктілер мессенджерлердің бірі арқылы куратордан нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып жүрген. Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері барысында олардан ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ есірткілерді өлшеп-орауға және таратуға арналған заттар тәркіленді", - дейді полиция.
Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы уақытша тұрып жатқан мекенжайларында жүргізілген тінту кезінде қосымша есірткі заттары мен олардың заңсыз қызметпен айналысқанын айғақтайтын құрал-жабдықтар анықталған.
Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.