Таеквондодан Тунис құрамасын жаттықтырған Есбол Сұлтанов Ұлттық құрамаға келді

Редактор
20 янв. 2025 г., 18:37
Таеквондодан Тунис құрамасын жаттықтырған Есбол Сұлтанов Ұлттық құрамаға келді

Олимпиада ойындарында Тунис елінің ұлттық құрамасын басқарып, екі медаль жеңіп алған бапкер Есбол Сұлтанов бүгінде таеквондодан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына келген. Бұл туралы жаттықтырушы спорт журналисі Ақырыс Сейітқазының ютуб-арнасына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Есбол Сұлтановтың айтуынша, бір жыл Тунис құрамасымен жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсеткен. Тіпті Бүкіләлемдік таэквандо федерациясының марапатын алып, әлемнің үздік бапкері атанған.

Спорттық, яки бапкерлік карьерамның шыңына жеттім. Олимпиада чемпионын шығарып, ел тарихын жаңарттық. Бүкіл дүние жүзі көрді, мойындады. Бәріне қазақтың таэквандосын көрсеттік. Енді бар тәжірибемді, білімімді қазақтың балаларына берсем деймін. Қазақтан сондай бір чемпион шықса, көкте көктуымыз желбіресе, екі есе қуанар едік. Ең бірінші осындай арманмен, ниетпен Қазақстанға келдім. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының менің атымды атап тұрып, таэквандо спортын айтқанда «Елге кел, елге қызмет ет» деп түсіндім, дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов.

Бас бапкер өткен аптада Астанаға барып, Спорт комитетінің төрағасы және Спорт министрімен кездескенін, жаңа реформалардың қолға алынатынын жеткізді.