Шымкент қаласының орта білім беру саласында айтарлықтай оң динамика мен тұрақты өсім байқалады. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы шаһардағы білім сапасының жаңа деңгейге көтерілгенін, сондай-ақ мектеп бітіруші түлектердің оқу жетістіктері жоғары екенін анық көрсетіп берді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қалалық Білім басқармасының ресми деректерге сүйенсек, өңірдегі 291 білім беру ұйымында жалпы саны 277 205 оқушы білім алды. Оқу жылының нәтижесі бойынша 9-сыныпты 24 178 оқушы аяқтаса, 11-сыныпты 16 003 мектеп бітіруші сәтті тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Жалпы алғанда, биылғы мектеп бітірушілердің саны өткен оқу жылымен салыстырғанда шамамен 1000 оқушыға жуық көбейгенін атап өткен жөн.
мектеп түлектеріне мемлекеттік үлгідегі үздік білім туралы құжаттар 2026 жылғы 18 маусымда салтанатты түрде табысталды. Биылғы оқу жылында үздік көрсеткішке қол жеткізген түлектердің де қатары айтарлықтай артқан.
Атап айтқанда жоғары білім деңгейін дәлелдеп, «Алтын белгі» аттестаты мен арнайы төсбелгіні 766 бітіруші иеленді. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 116 оқушыға көп. Жалпы орта білім беру межесі бойынша «Үздік» аттестатты 1 196 бітіруші алды. Салыстырмалы түрде бұл көрсеткіш 68 оқушыға артқан. Негізгі орта білім беру сатысында 1 608 оқушы «Үздік» аттестатқа қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Соңғы оқу жылының салыстырмалы көрсеткіштері қаладағы оқушылар санының өсуімен қатар, сапалық көрсеткіштердің де қатар дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұған қоса Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің тізіміне Шымкенттің 6 білім ордасы енді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижелері негізінде жасалған бұл беделді тізімге еліміз бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген 114 білім беру ұйымы енгізілген. Осы орайда, Шымкент мектептерінің үздік жүздікке енуі – қаланың білім саласындағы стратегиялық дамуы мен мемлекеттік қолдаудың нақты жемісі.