$ 477.17
 543.26
 6.01

Шымкентте балалақшаға 99 мыңнан астам ваучер берілді

Редактор
30.07.2026, 16:10
gov.kz
gov.kz
Мегаполистің білім басқармасы жаңа балабақшалар мен сапа мониторингі туралы айтты

Шымкентте мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту, балаларды сапалы әрі қолжетімді тәрбиемен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда бұл салада мемлекеттік тапсырыс пен заманауи цифрлық шешімдерді енгізу нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізілді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Қазіргі уақытта қалада 658 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 71-і мемлекеттік, ал 587-сі жекеменшік балабақша болып табылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында аталған ұйымдарда барлығы 76 791 бала тәрбиеленіп жатыр.

Жүйеге енгізілген реформалардың бірі — ваучерлік жүйенің іске қосылуы. Осы жаңашылдық басталғалы бері ата-аналарға 99 164 ваучер берілді. 

«Қазіргі таңда балабақша кезегінде 29 792 бала тұр. Олардың ішінде 23 208-і — 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар. Жалпы алғанда, 2–6 жас аралығындағы 84 750 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, бұл көрсеткіш бойынша қамту деңгейі 84,5%-ды құрады», деді басқармада. 

Білім басқармасының мәліметінше, мектепке дейінгі тәрбие орындарының тапшылығын азайту мақсатында 2026 жылы жекеменшік ұйымдар базасында мемлекеттік тапсырыс есебінен 3 500 жаңа орын ашу жоспарланған. Жоспарды іске асыру аясында 23 жаңа балабақша іске қосылды. Сонымен қатар 2 114 жаңа орын пайдалануға беріліп, балаларды қабылдады.

Бұған қоса, басқарма мемлекеттік білім беру тапсырысының мақсатты әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету — басты назарда екенін атап өтті. 

«Жүргізілген мониторинг аясында 71 мемлекеттік және 212 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым тексеруден өтті», деп атап өтті басқармада. 

Арнайы тексеріс нәтижесінде бекітілген талаптарға сәйкес келмеген 9 ұйымның қызметі тоқтатылып, олар мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру құқығынан айырылды. Бұл шаралар балабақшалардағы тәрбие мен қауіпсіздік стандартын жоғары деңгейде ұстап тұруға бағытталған.

2026–2027 оқу жылына арналған жазғы жасақтау қорытындысы бойынша «Balabaqsha» ақпараттық жүйесінде жаңа бос орындар қалыптастырылды.

1 шілдеден бастап бұл орындарға ваучерлер кезең-кезеңімен беріле бастады. Осы оқу жылында мектепке қабылданатын шамамен 15 мың баланың босаған орнына сәйкес дәл осы көлемде жаңа ваучерлерді бөлу жоспарланып отыр.