Шымкент қаласында балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру, олардың бос уақытын тиімді өткізу және жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, биыл қаладағы барлық жалпы орта білім беру ұйымдары мен колледждерде «Kitap Camp», «PROF START» және «EduCampShym» жобалары іске асырылып, аталған бастамаларға 224 мыңнан астам бала қатысқан. Бұл жобалар балалардың танымдық, шығармашылық және кәсіби бағдарын дамытуға, сондай-ақ жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
«Мемлекеттің қамқорлығындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға да ерекше назар аударылуда. Бүгінде өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 126 тәрбиеленушісі жазғы кезең бойы қала сыртындағы «Koktobe» сауықтыру лагерінде үздіксіз демалуда. Сондай-ақ, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан 11 200 баланы сауықтыру жұмыстарымен қамту мақсатында биыл қала сыртындағы 6 оқу-сауықтыру лагері дайындалды», деді басқармада.
Балаларды сауықтыру ұйымдарына жолдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында биыл «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі енгізілді. Аталған жүйе арқылы балалардың әлеуметтік санаттары тексеріліп, жолдама беру талаптарының сақталуы қатаң қамтамасыз етілуде.
Ақпараттық жүйеде жолдама 5 санат бойынша беріледі. Атап айтқанда
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға;
3) отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттар.
«Қазіргі уақытта екінші санатқа жататын отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың ата-аналары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығының11-қосымшасына сәйкес әлеуметтік мәртебесін растайтын тиісті құжаттарды ұсына алмауына байланысты, осы санаттағы балаларды жазғы сауықтыру лагерьлеріне жоспарланған көлемде жолдау мүмкін болмай отыр», деп қосты Білім басқармасында.
Бұған қоса, басқарма «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы
1 005 өтінім қабылданғанын атап өтті. Оның ішінде 525 балаға мемлекеттік «Ақсу» сауықтыру лагерінің I, II және III ауысымдарына жолдама берілді. 251 өтінім әлеуметтік осал санатқа жататынын растайтын құжаттардың ұсынылмауына байланысты кері қайтарылды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Шымкент қаласында алғаш рет «Дарынды балаларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру лагері» өз қызметін бастады. Бүгінгі күнге дейін бұл лагерьде қалалық және республикалық зияткерлік, пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған 90 дарынды баланың шығармашылық демалысы ұйымдастырылды. Аталған лагерьдің жұмысы жыл бойы үздіксіз жалғасып, дарынды балалардың әлеуетін дамытуға және олардың сапалы демалысын ұйымдастыруға бағытталатын болады, деді білім басқармасы өкілдері.