Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестивалі кең көлемде бастау алды. Барша түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеуге арналған бұл ауқымды шара – өңірдің рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған рухани, мәдени және спорттық жоба үш күнге созылып, алыс-жақын шетелдерден келген меймандар мен жергілікті жұртшылыққа ұмытылмас әсер сыйлады.

Дүбірлі думанның алғашқы күні Берел ауылындағы әйгілі «Патшалар жазығы» тарихи-мәдени кешені аумағында басталды. Түркі халықтарының ата мекені саналатын қасиетті топырақта ең әуелі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, белгілі ақын Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай арнайы ас берілді. Тағылымды шараға еліміздің әртүрлі аймақтарынан жиналған белгілі қаламгерлер, мәдениет қайраткерлері, сөз зергерлері мен ақынның туған-туыстары мен жақындары қатысып, марқұмның рухына тағзым етті.

Мұнан соң рухани шара «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кешіне ұласты. Ақтан Нұрбаевтың бай шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауды, өскелең ұрпақтың ұлттық әдебиетке, сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыруды көздеген бұл поэзия фестивалін танымал ақын Қалқаман Сарин жүргізді. Кешке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, жиналған қауымға лебізін білдірді.
«Қасиетті Төр Алтайдың мұзарт шыңдары аспанмен тілдесіп, мөлдір бұлағы мәңгіліктің күйін шерткен, тасын түртсе тарих сайрап, түгін тартса майы шығатын бұл өлкеде дүниеге келу былай тұрсын, жай ғана бас қосудың өзі – асқан бақыт. Осы өңірден түлеп ұшқан көрнекті ақын Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойын елдік деңгейде атап өту үшін бас қосып отырмыз. Біз үшін бұл той - қазақ жырының мерейі, Алтайдың абыройы, ұлт рухының салтанаты», деді облыс әкімі.
Фестиваль аясында тек әдеби-мәдени шаралар ғана емес, сонымен бірге халқымыздың ұлттық спорт түрлерінен де тартысты жарыстар ұйымдастырылды. Екі күнге созылған ұлттық бәйге мен көкпар ойындары көрермендердің делебесін қоздырып, делегаторлар мен демалушыларға ерекше әсер сыйлады. Өңірдің әр түкпірінен жиналған кіพ-кішкене және тәжірибелі шабандоздар бақ сынасты.

Көкпар тартысы өте тартысты өтті. Командалық бәсеке қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды Ұлан ауданының көкпаршылары жеңіп алса, 2-орын Күршім ауданына бұйырды. Ал үздік үштікті Алтай ауданының құрамасы түйіндеді.
Сонымен қатар, қазақтың тақым өнері мен ат баптау шеберлігін паш еткен бәйге түрлерінен де жеңімпаздар анықталды: құнан бәйгеден Самар ауданынан келген шабандоз Мұхаммедәли Намозов алдына жан салмады. Жорға жарысында Зайсан ауданының намысын қорғаған Айқын Әмірбеков бірінші келсе, топ бәйгеде Күршім ауданының жүйрігін баптаған Қайсар Сарқытов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Дүбірлі доданың марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеңімпаздарды құттықтап, ұлттық спорттың ұрпақ тәрбиесіндегі орнына ерекше тоқталды.
«Ұлттық спорт – халқымыздың рухын көтеретін, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын баға жетпес мұра. Осындай дүбірлі додалар ел бірлігін нығайтып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра беретініне сенімдімін», деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, фестиваль аясында «Ақтанымын Алтайдың» атты республикалық ақындар айтысы жалауын көтереді. Тапқырлық пен сурыпсалмалықты талап ететін дүбірлі айтыста еліміздің сөз зергерлері сөз таластырып, сөз өнерінің биік үлгісін көрсетті.

Ауқымды халықаралық фестиваль сәулетті де салтанатты гала-концертпен қорытындыланады. Гала-концертке тек отандық өнерпаздар ғана емес, барша түркі дүниесінің өкілдері қатысады. Сахна төрінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан (Венгрия), Моңғолия, Башқұртстан (Ресей Федерациясы), Тыва Республикасы (Ресей Федерациясы) және Қарақалпақстаннан (Өзбекстан Республикасы) келген танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді деп жоспарланған.
Мәдени кештің ең басты оқиғасы әрі негізгі хедлайнері – Қазақстанның Халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген болмақ. Оның орындауындағы ғажайып әндер фестивальдің сәнін кіргізіп, жиналған көрермендерге ерекше эмоционалды атмосфера сыйлайтыны сөзсіз.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, Қатонқарағай өңірінде өтіп жатқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалінің мәдени-рухани маңызымен қатар, экономикалық әрі туристік мәні де өте жоғары. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның негізгі түпкі мақсаты – түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын дәріптеумен қатар, Шығыс Қазақстанның қайталанбас, таңғажайып табиғатын алыс және жақын шетелдерден келген демалушыларға кеңінен таныстыру болып табылады.
Үш күнге созылатын бұл әдеби, мәдени және спорттық кешенді шаралар өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, Алтай өңірін халықаралық денгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде орнықтыруға бағытталған. Табиғаты тума, тарихы терең Төр Алтай өлкесі бүгінде барша түркі дүниесінің басын қосатын алтын бесікке айналып отыр.