Су тасқыны: Бектенов әкімдіктерге арнайы тапсырма берді

Редактор
13.03.2025, 15:24
Су тасқыны: Бектенов әкімдіктерге арнайы тапсырма берді
Ел аумағының 67%-ын қар басып жатыр

Олжас Бектенов су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Ақпаратқа сәйкес, 13 наурыздағы жағдай бойынша ел аумағының 67%-ын қар басып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде қар ери бастағанын айтты. Бұл ретте еліміздің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоңның қалың болуы байқалып отыр. 

Әкімдіктер елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Олардың айналасын топырақ үйінділерімен бекітіп, бірінші кезекте сырттан келетін суды бөгеу керек. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуы тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Дала өзендерінің бітелуге айналған жерлерін кеңейту керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс», – деп атап өткен премьер-министр бірқатар тапсырмалар берді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздегі су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізу міндеті қойылды. Жағдай күрделене түссе, қосымша күштер мен құралдарды енгізу бойынша шаралар қабылдау, олардың әрекеттерінің ықтимал нұсқаларын анықтау қажет.

Атырау облысының әкімдігіне Жем мен Қиғаш өзендеріндегі қауіптің жоғары екенін ескере отырып, су айдындары бойында орналасқан елді мекендерді қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне жауапты органдармен бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.