Студенттер буллингке ұшыраған: Сарыағаштағы медреседе жүргізілген тексеріс қорытындысы белгілі болды

Редактор
25.04.2025, 23:00
Студенттер буллингке ұшыраған: Сарыағаштағы медреседе жүргізілген тексеріс қорытындысы белгілі болды
Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның мәліметінше, буллинг белгілері оқытушылар тарапынан да анықталған

Сарыағаштағы атышулы медреседе жүргізілген тексеріс қорытындысы белгілі болды. Буллинг белгілері оқытушылар тарапынан да анықталған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz total.kz-ке сілтеме жасап.

Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның мәліметінше, қазір буллингке ұшыраған студенттерге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Сарыағаштағы медреседе болған жағдайға қатысты жолдаған хатыңызға жауап ретінде хабарлаймын: Сарыағаш медресе-колледжінде тексеріс жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, студенттер арасында да, оқытушылар тарапынан да буллинг белгілері анықталды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты, толық әрі объективті зерттеуге бағытталған процессуалдық әрекеттер жүргізілуде. Соның нәтижесі бойынша шешім қабылданатын болады. Буллингке ұшыраған студенттерге психологиялық көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр, — делінген Динара Зәкиеваның жауабында.

Еске салсақ, бұл жағдай Түркістан облысындағы Сатыбалды Әбішұлы атындағы мешітте болған еді. Сарыағаш медресе-колледжінің құрылтайшысы Әбдіжаппар Сманов таң намазында шәкірттерге насихат айтқан. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан уағыз айтып отырған ақсақалдың аяғын 3 баланың уқалап отырғанын байқауға болады. Бұған көпшілік наразылығын ашық білдірген болатын. Ал, ҚМДБ балаларға аяғын уқалатқан Әбдіжаппар ұстазға ескерту жасаған-ды.