СҚО-да бөгетті нығайтуға көмектескен баланың ата-анасы айыппұл арқалады

Редактор
02.05.2025, 15:35
СҚО-да бөгетті нығайтуға көмектескен баланың ата-анасы айыппұл арқалады
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное ауылында болған су тасқыны кезінде бөгетті нығайтуға көмектескен 10 жастағы баланың ата-анасына 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынды деп...

Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное ауылында болған су тасқыны кезінде бөгетті нығайтуға көмектескен 10 жастағы баланың ата-анасына 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынды деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл жағдайға түсініктеме беріп, айыппұл түріндегі жазаның себебін түсіндірді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, 34 жастағы аудан тұрғыны кәмелетке толмаған ұлын қауіп-қатері жоғары аймақта көлік құралын басқаруға жіберген. Бала рульде отырып, топырақ толы қаптарды арнайы техникамен тасымалдаған.

Оқиға кезінде 34 жастағы тұрғын баласын топырақ толы қаптарды тасымалдауға көмектесу үшін көлік басқаруға жіберген. Ниеті жақсы болғанын түсінеміз, ортақ іске үлес қосқысы келген. Алайда мұндай әрекеттер, ең алдымен, заңға қайшы және сонымен қатар баланың да, айналасындағылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Бөгетте арнайы техника, полиция, құтқарушылар және әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Бұл - қауіп жоғары аймақ, - деді Әлібек Ғабдуллин

Баланың әкесіне ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Бұл бап 50 айлық есептік көрсеткіш (196 600 теңге) көлемінде айыппұл төлеуді қарастырады.