«Спорт залда ұйықтап, сыныпта тамақ ішуге мәжбүр». Депутат мектепті қирандыға айналдырған компанияны жауапқа тартуды сұрады

Редактор
27 февр. 2025 г., 00:19
«Спорт залда ұйықтап, сыныпта тамақ ішуге мәжбүр». Депутат мектепті қирандыға айналдырған компанияны жауапқа тартуды сұрады
Білім ордасы 20 жылдан астам уақыт жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен

Алматының қақ ортасында орналасқан, жарты ғасыр тарихы бар Ибрагим Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернаттың оқушылары адам төзгісіз жағдайда білім алып жатыр. Мектеп жиырма жылдан астам уақыт жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен. Бұл туралы депутат Данияр Қасқарауов премьер-министр Олжас Бектеновқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Айтуынша, Алматы қаласындағы алғашқы қазақ мектебі деуге болатын білім ошағы малшылардың дарынды ұл-қыздарының, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан және жетім балалардың үлкен қалада сапалы білім алуы үшін арнайы салынған болатын.  

Аталмыш мектеп қабырғасынан елімізге белгілі көптеген тұлғалар шыққан. Олардың қатарында белгілі жазушы Смағұл Елубай, әйгілі композитор Әсет Бейсеуов, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов сынды елге еңбегі сіңген, әр саланың майталманына айналған  бірегей қайраткерлер бар. Өзім де осы мектептен білім алып, қалыптастым, деді депутат.

Дегенмен, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматының қақ ортасында орналасқан бұл білім ордасының қазіргі жағдайы өте мүшкіл. Мектеп жиырма жылдан астам жөндеу көрмей әбден тозығы жеткен. Жалпы 350 оқушыға арналған мектепте бүгінде оқушы саны екі есе қысқартылып, 176 бала білім алып жатыр. Алайда олар спорт залда ұйықтап, оқу сыныбында тамақ ішуге мәжбүр, – деді Данияр Қасқарауов. 

Депутат ұсынған деректерге сәйкес, мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 3 жыл бұрын бюджеттен 503 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын «ГрадСтройСервис» ЖШС ұтып алған. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 4 айдың ішінде аяқталуға тиіс еді. Бірақ жауапсыз мердігер өз міндеттерін сол күйі орындамаған.  

Сонда осыған жауапты құзырлы мекемелер қайда қарап отырған деген заңды сауал туындайды?! ХХІ ғасырда, Алматы қаласының дәл ортасындағы мектепте оқушылардың осындай адам төзгісіз жағдайға түсірілгенін қалай түсінуге болады?! – деп күйінді депутат. 

Айтуынша, қазір осы білім ордасын Алматыдан Қонаев қаласына көшіру мәселесі көтеріліп жатыр екен. Бірақ бұл шешімге осы білім ошағының түлектері, мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналары алаңдап, көшіруге түбегейлі қарсы болып отыр.  

Сондай-ақ депутат халықты Алматының ортасында орналасқан мектептің жерін алып қоя ма деген күмән алаңдатып отырғанын жеткізді.  

Осыны ескеріп, Үкіметке төмендегі шараларды қабылдауды сұраймын.

Біріншіден, мемлекеттің миллиондарын желге ұшырып, қаншама баланы сарсаңға түсірген, мектепті қирандыға айналдырған компания басшыларын, басқа да жауапты мекемелерді жан-жақты тексеріп, тиісті жауапқа тарту қажет.  

Екіншіден, тез арада аталған мектепті толық күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылына пайдалануға беру керек.  

Үшіншіден, мектепті басқа жерге көшіру бойынша бастамаларға түбегейлі тыйым салу қажет, – деді депутат.