Танымал әнші Жеңіс Ысқақова отбасындағы қарым-қатынас пен әйелдің шыдамдылығы туралы пікір білдірді. Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында әйелге қол көтеруді «шыдамдылықпен» ақтауға болмайтынын айтты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Әншінің сөзінше, отбасылық өмірде бір-біріне түсіністік танытып, кей жағдайда сабыр сақтау маңызды. Алайда ол әйелге, әсіресе балалардың көзінше күш көрсету мүлде басқа мәселе екенін атап өтті.
«Шыдамдылық деген – жұмыстан шаршап келгенде балаңның еркелігін көтеру, күйеуіңнің шайын құйып беру. Соның өзін қиындатады. Ал қазіргі қоғамда еркектердің әйелдерін балалардың көзінше нұқуы – нағыз сорлы еркектің тірлігі», – деді Жеңіс Ысқақова.
Өнер иесі мұндай жағдайда әйел үндемей шыдап жүрмеуі керектігін жеткізді. Оның пікірінше, бірінші кезекте әйел өзін және балаларын қорғауы қажет.
«Ол сорлылыққа әйел шыдамау керек. Бұл жерде әйел өзінің балаларын, отбасын, өзін қорғау керек. Саған "жүр, сөйлесіп келейік сыртқа" демесе, салып жібереді екен! Сөзбен түсіндір. Бір еркекті тоқтата алмайсың ба?» – деп жазды әнші.
Жеңіс Ысқақова осылайша отбасындағы келіспеушілікті күш қолдану арқылы емес, сөзбен және өзара түсіністікпен шешу керектігін алға тартты.