Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Отар елді мекені маңында байланыс үзіліп қалған Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі тікұшаққа қатысты жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр, -деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Сорбұлақ су қоймасы ауданында іздеу-құтқару операциясы 28 шілде күні таңертең де жалғасты. Сағат 04:30-дан бастап су беті мен жағалау маңын тексеру жүргізілді, сонымен бірге ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану арқылы аймақта ұшу жүргізілді. Іздеудің тиімділігін арттыру мақсатында жағалаудың оңтүстік бөлігін жердегі және судағы топтар қосымша іздеді. Аймақты жан-жақты қарау үшін су айлағы шартты түрде секторларға бөлінген. Суға 13 бірлік жүзу құралы жұмылдырылып, түбін тексеруге арнайы техникалық құралдар пайдаланылуда, - делінген ведомство таратқан мәліметте.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тәулік бойы жалғасқан іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылған.
Күні бойы операция жүргізілетін ауданға басқа өңірлерден қосымша күш-құралдар жеткізілді. Оның ішінде Қонаев қаласынан – іздеу бөлімшесі, оған қоса Ақтау қаласынан – А-400 әскери-көлік ұшағымен жеткізілген жеке құрам мен техника да бар. Құрамында су айдынының жету қиын учаскелерін зерттеуге арналған сүңгуірлік жабдықтар, эхолоттар, катер мен қайық та бар.
Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасуда. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылды. Оларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Операция күрделі гидрография жағдайында өтуде. Соған қарамастан, барлық жұмылған бөлімшелер жүктелген міндеттерді барынша дәл және үйлесімді орындауды жалғастыруда, - деп мәлімдеді министрлік.