Соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40% артты

Редактор
13.05.2025, 18:16
Соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40% артты
Тағы 8 заманауи визит-орталық пайдалануға берілді

Соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40% артты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, кейінгі жылдары Қазақстанда экологиялық туризмге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, 2022 жылы экотуристер саны 2 миллион адамға жетсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 миллионға көбейіп, 40% өсті. Ал 2023 жылы экотуристер саны 2,4 миллион адам болған.

Саяхатшылар арасында Алматы маңындағы ұлттық парктер, атап айтқанда, Іле-Алатау ұлттық паркі, Шарын шатқалы, Алтынемел және Көлсай көлдері ең көп сұранысқа ие бағыттар саналады.

Бүгінде еліміздегі 14 ұлттық саябақ тұрақты туризм қағидаттарына сай инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Туристердің жайлы демалысы үшін визит-орталықтар, кемпингтер, глэмпингтер және өзге де нысандар салынып жатыр.

Кейінгі жылдары тағы 8 заманауи визит-орталық пайдалануға берілді. Олар ақпараттық жүйелермен, бағыттар көрсетілген навигациямен және негізгі инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл орталықтар келушілерге табиғи экожүйе, жабайы жануарлар мекені, арнайы маршруттар мен қорғалатын аумақта жүру ережелері жөнінде ақпарат ұсынады.