Шымкенттің орталық стадионы аумағында балаға садақтың жебесі тиіп, жарақат алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға футбол жаттығуы кезінде болған. Куәгерлер мен полицияның мәліметінше, садақ ату аймағынан бір жебе кенеттен ұшып шығып кеткен.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, стадионда мүгедектігі бар адамдарға арналған садақ ату секциясы орналасқан. Жаттығу кезінде садақтың бір оғы белгіленген траекториядан ауытқып, сол маңнан өтіп бара жатқан балаға абайсызда тиіп кеткен.
Жарақат алған балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді, қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ стадион аумағындағы қауіпсіздік шараларының сақталу деңгейі бағалануда, – делінген хабарламада.
Полиция өкілдері тергеу барысында жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті.