Шымкентте алаяқтар зейнеткердің 46 млн теңгесін жымқырып кеткен

Редактор
20 февр. 2025 г., 21:16
Шымкентте алаяқтар зейнеткердің 46 млн теңгесін жымқырып кеткен
Күдіктілер қамауға алынды

Шымкентте зейнеткерден 46 млн теңге жымқырған алаяқтар қамауға алынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қашықтықтан алаяқтық жасаған екі күдіктіні киберполицейлер Аnti-fraud іс-шарасы аясында жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында ұстады. 69 жастағы қала тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп қалды. Жәбірленуші алдымен «ұялы байланыс операторларынан» SIM-картасының мерзімі аяқталғаны туралы қоңырау қабылдағанын айтты. Мерзімді ұзарту үшін ол SMS-кодты берген. Біраз уақыттан кейін әйелге «құқық қорғау органдарынан» хабарласып, шотында күмәнді операциялар басталғанын және алдыңғы қоңырау шалғандар алаяқтар екенін жеткізген.

Зейнеткер қаскөйдің нұсқауымен шотындағы бар ақшаны шешіп алып, жинап тергенін сақтап қалу үшін «сенімді қолға» уақытша тапсырған: ішінде 46 млн теңге бар пакетті жалған құқық қорғаушылар ауладағы орындықтан алып кеткен.

Қазір аталған жайт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.

Шымкент ПД киберпол бастығының орынбасары Шыңғыс Жайлаубектің айтуынша, бұл – қашықтан жасалатын алаяқтықтың кең таралған схемаларының бірі.

Есіңізде болсын, SIM-карталардың жарамдылық мерзімі жоқ және жаңартуды қажет етпейді. Алаяқтардан қорғану үшін ешкімге ешқашан кодтарды айтпаңыз, қоңырау шалушымен диалогты бірден үзіп, полицияға хабарласыңыз, – деді полицей.