Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Тоқаевтың ескертуінен кейін Қазақстанды «Штрафстан» деп айтқанына өкінетінін айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Депутат Парламентте ресми тілді пайдалануға міндетті екенін жеткізді.
Бірақ мен ол жерде кішкене басқаша айттым. Айыппұл, жалпы жауапкершілік заңбұзушылықтың ауыртпашылығына сай болу керектігі туралы айтқанмын. Сондықтан, мына терминді пайдалағаным дұрыс емес болды. Ол – рас, оны мойындап отырмын. Ал, негізгі көзқарасым сол күйінде қалды, – деді депутат.
Еске сала кетсек, бұған дейін Азат Перуашев Парламентте заңға енгізілген түзетулердің 80%-ы репрессиялық сипатқа ие екенін атап өтіп, «Штрафстан құрып жатырмыз» деген болатын.
Ал, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды мазақ қылуға бейім қазақстандықтарға қатаң ескерту жасап, бұл үрдістің күшейіп бара жатқанын айтқан еді. Бұған қоса, тіпті кейбір депутаттардың да елді түрлі атаулармен келемеждеуге көшкеніне назар аударды.