Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, міндетті автосақтандыру жүйесін реттейтін жаңа қаулының әділетсіз нормаларын жоюды сұрады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, жаңа қаулы 6 миллионға жуық көлік иесіне тікелей әсер ететініне қарамастан, қоғамдық талқылаусыз және сала өкілдерінің қатысуынсыз қабылданған.
Депутат қаулы сақтандыруды жетілдірмей, керісінше, азаматтарға қосымша қаржылық ауыртпалық жүктеп отырғанын айтты.
«2025 жылғы 7 сәуірден бастап алғашқы сақтандыру тарифі өңірлерде екі есеге өсіп, шамамен 78 мың теңгені құраса, Астанада бұл баға үш есеге дейін артып, 112 000 теңгеге жетті. Яғни, жаңадан көлігін тіркеген астаналық азамат бұрын 36 мың теңге төлесе, енді 112 мың теңге төлеуге мәжбүр. Алматылықтар кемі 78 мың, өзге өңір тұрғындары 40 мың теңге шамасында сақтандыру полисін сатып алады», – деді депутат.
Сондай-ақ, депутат жаңа қаулыда шетелдік жүргізушілерге жеңілдік қарастырылғанымен, отандық азаматтарға мұндай артықшылық берілмегенін сынға алды.
Бұдан бөлек, өңірлік дискриминация қаупі мен мотокөлік жүргізушілерінің жағдайы назарға алынбай отыр.
Елнұр Бейсенбаев Үкіметті бұл мәселеге бейжай қарамауға, заң нормаларын Конституция талаптарына сәйкестендіруге шақырды.